Бұл кодты телефондағы арнайы бағдарлама немесе камера арқылы сканерлеуге болады (егер мұндай мүмкіндік қолдаса)
Мақсаты:
Білімділік: Ұлтымыздың негізсіз ұмытылып бара жатқан ойынын жаңғырту, бабаларымыздың ойыны туралы түсінік беріп, қызығушылық ояту.
Дамытушылық: Асық ойнату арқылы балалардың дәлдікке, мергендікке, ептілікке жеңіске деген құштарлыққа, намысқойлыққа, әділдікке баулу.
Тәрбиелік: Балаларға ұлтымыздың құндылықтарын қастерлеуге баулу
Міндеті: Ханталапай ойынының барлық ережелерін, қыр-сырларын зерттеп, ізденіс жұмыс жасап, асықтың түрлерімен ерекшелерін білу.
Қолданылатын көрнекіліктер: Жайлау көрінісі (киіз үй, күбі, үстел, қазан, самауыр, асықтар, проектор)
Әдіс-тәсілдер: Әңгімелеу, түсіндіру, ойнату
Күй «Сары жайлау» ойнап тұрады. Зал қазақтың салт-дәстүрі негізінде көркемделген. Балалар рөлдерге бөлінген, әже күбі пісіп тұрады. Киіз үйдің ішінде ата және жүргізуші яғни денешынықтыру нұсқаушысы отырады. Әткеншекте қыз отырады, оны тербетіп бала тұрады. Осы кезде бала сөзі:
- Бүгін менің көрші ауылдан құрбыларым келеді.
Қыз: - А, а олар қыдырып келе ме?
Бала: - Мен оларды «Ханталапай» ойнауға шақырдым. Менің атам кім асықты жақсы ойнайды соны көргісі келеді. Жеңімпаздарға сыйлық бар, - дейді.
Қыз: - О,о жақсы ғой. Қандай сыйлық береді екен?
Бала: - Ол құпия болып тұр ғой. Өзім де білмеймін.
Осы кезде әжесінің дауысы есітіледі:
- Балам, балам!
Бала: - Мен кеттім, әжем шақырып жатыр (қызға айтып, жүгіріп кетеді)
Қыз: - Тоқта,б ірге барайық. Мен де әжеме көмектесейін, - деп кетеді.
Әже: - Балам, анау келе жатқан, сенің достарың ба? Көзімнің көрмей тұрғаны..
Бала: - Ия, менің құрбыларым өздері де келіп қалды. (бір топ бала келеді, құшақтасып амандасады) Әжеммен амандасады.
Әже: - Амансыңдар ма, балаларым! Үйге кіріңдер. (балалар үйге кіріп, атамен амандасады)
- Ассалаумағалеукум! (қол алысып амандасу)
Ата: - Уағалейкумассалам, үлкен жігіт болыңдар!
Бала:- Ата бұл менің құрбыларым ғой «Ханталапай» ойнауға келген.
Ата: - Е, бәрекелді онда анау сыртқа жайлауға шығайық. (бәрі барып шеңберге отырады)
Ата сөзі: -Балалар, қазір заманымыздың дамыған уақытында, сендердің көңілдеріңді үлкен теледидарға аударғым келіп отыр.
Ата әңгімесі: (слайд арқылы оқылып, көрсетіледі).
Ежелде ерте заманда бір қойшы болыпты. Оның кішкентай жасқа толмаған баласы болыпты. Қойшының отбасы күнде ет асып жейді екен. Дастарханға ет әкелгенде, жаңағы кішкентай балақай дастархан үстіндегі асық жілікке ұмтылып, қолына ұстап ойнағанды ұнатыпты. Сосын қойшы ойланып, осы балама асық жіліктің асықтарын тазартып, кептіріп алып, жинайын да есейген соң беремін, -деп шешіпті. Содан бала ер жетіп өздерің сияқты есейіпті. Қойшы баласына жинаған асықтарын сыйға тартыпты. Бала қуанып асықты атып, өзі ғана ойнай бастапты. Оны көрген ауыл балалары да қызығып келіп, бірге ойнайды екен. Міне, осыдан бастап, қазақтың дәстүрлі әртүрлі тәсілдегі асық ойындары атадан балаға қалған асыл мұралардың бірі болып саналады екен. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойнала береді. Күндізгі асық ойыны- мергендікке, түнгі асық ойыны-ептілікке баулиды.
Жүргізуші: - Қазір, асық ойындарының ішіндегі «Ханталапай» ойынын ойнаймыз (суреттер арқылы таныстырылады). Мынау суреттерге назар аударайық. Иіргенде түскен асық қалпына қарай, «алшы», «тәйке», «бүк», «шік» - деп аталады. Енді, асық төбесімен немесе екі аяғымен тұрса, оны «Омпы», - дейді. Ал, «Омпы» асықтың қалыпты жағдайы емес, бұлай өте сирек түседі. Сондықтан «омпы» ойын ережесіне көп қосылмайды. (слайд арқылы нақты көрсетіледі)
Жүргізуші (д/ш нұсқаушысы): - Қалай ойынды бастаймыз ба?
Балалар: - Ия,бастайық!
Жүргізуші: - Ата, сіз онда төреші боласыз. Кім қалай ойнайтынын көріңіз.
Ата: - Жарайды, балалардың ептілігін көрейін.
Жүргізуші: -Ендеше, мынау асықтармен ойын алдында тағы бір дайындық жасап алайық. (асықтарды көрсетіп, таныстыру)
Көтерейік көңілді
«Ханталапай» ойнайық
Ұтып алып асықты
Ойымызды шыңдайық!
- Мен сендердің орталарыңа асықты шашамын,одан бұрын әрқайсысыңа мынадай әшекейлі дорбаларды сыйлаймын. Себебі ұтқан асықты жинап саласыңдар.
«Талапай-ау, талапай, табылды ойын алақай!» - деп айтып, балаларға қайталап айтқызып, асықтарды ортаға шашу. Балалар жарыса, «Ханталапай» деп дауыстап асықтарды таласып алады. Хан асығы қолына түскен бала алғашқы болып, ойынды бастап, асықтарды атады. Тигізген бала асықтарды ұтып алады. Тигізе алмай қалған қалған жағдайда, ойын жүргізушінің тапсырмаларына жауап береді. Тапсырмаға бала дұрыс жауап берсе, келесі асықты атады. Екінші тигізе алмаған бала өз кезегін асығы көп келесі балаға береді. Егер бала тапсырмаға жауап бере алмаса, басқа балалардың жауап беруіне болады. Бұл жағдайда асықты ату кезегі дұрыс жауап берген балаға беріледі. (Қойылатын сұрақтары бойынша)
1.Қазақ ұлттық ойындарын ата.
2.Төрт түлікке нелер жатады?
3.Наурыз көжеге неше тағам салынады? (саны)
4.Қазақтың қандай салт-дәстүрлерін білесің?
5. Қазақ ұлттық ертегілерін атап бер.
6.Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар (қой).
7.Асық ойындарының оң жатысын қалай атайды? (бүк, шік, тәйкі, алшы)
8.Егер асық төбесімен немесе екі аяғымен тік тұрса не деп атайды? (омпы)
9. Қандай мақал білесің? (білетін мақалын айтады)
10. Ұлттық тағамдарды атап бер.
Жүргізуші:- Ата,ойыншыларымыз қалай екен?
Ата:- Керемет, мерген балалар екен. Менің балаларға алғысым шексіз және оларға арнаған сыйлығым бар. (мадақтау)
Жүргізуші:- Қандай керемет! (сыйлықтар таратылады)
Осы кезде қыз жүгіріп келіп: Сіздерді әжем шайға шақырады.
Барлығы дастархан басына келеді.
Әже:- Шай ішіңдер, балаларым (шай береді)
Ата: - балалар көңіл көтеріп отырайық, қандай өнерлерің бар?
Бала :- Мен бір күй тартып берейін (домбырамен күй тартылады)
-Бәрекеді, өркенің өссін! Өнерің тамаша екен.
Жүргізуші: – Ата, батаңызды беріңіз.
Ата: (батасын береді)
Балалар қоштасып кетеді.
"Қуаныш" бөбекжайының дене шынықтыру нұсқаушысы
Касенова Б.С.