Тарихы терең - Көкшетау
Көкшетау – жинақы, жайлы және Солтүстік Қазақтанның өзіндік бірегей қаласы. Әскери қоныс пен кішігірім станица ретінде өз тарихын бастаған Көкшетау бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының ірі облыстарының бірі – қазіргі Ақмола облысының әкімшілік орталығы болып табылады.
Көкшетау жерінің қайталанбас сұлулығы мен табиғи байлығы ежелден шығармашыл адамдарды шабыттандырып, әндер мен поэмаларға арқау болған. Киелі өлкені өз шығармаларында ХІХ ғасырда Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, ХХ ғасырда Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Кәкімбек Салықов және т.б. тілге тиек етіп, жырлаған. Бұл жермен
ХVІІІ – ХІХ ғғ. ұлы тарихи қайраткерлері – Абылай, Уәли, Кенесары хандар, Қасым, Ғұбайдолла, Шыңғыс сұлтандар, Қарауыл Қанай би мен Саққұлақ би, Бөгенбай, Олжабай, Жәпек, Наурызбай батырлардың есімдері тығыз байланысты.
Көкшетау қаласы тарихының жылнамасы 1824 жылдың сәуірінен бастау алады, көрікті мекен Бурабайда, Көкшетау тауының етегінде қалың бұқараның қатысуымен Көкшетау сыртқы дуаны мен приказының ашылуы туралы жарияланып, Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің үлкен ұлы Ғұбайдолла Уәлиханов аға сұлтан болып сайланады. Алайда бірқатар себептерге байланысты қаланың қазіргі орналасқан орны - Қопа көлінің жағалауы мен Бұқпа жотасының етегіндегі қолайлы жер табылғанға дейін приказ өз орнын бірнеше рет ауыстырған.
19 ғасырдың ІІ жартысында, 1868 жылы алғаш құрылған Ақмола облысының құрамында Көкшетау уезд орталығына айналады. 1895 жылы ресми түрде қала мәртебесіне ие болады.
ХХ ғасырдың басында Көкшетау 5 мың адам тұрғыны бар шет аймақ қаласы болып қала берді. Қала өнеркәсібін ауылшаруашылығы өнімдерін бастапқы қайта өңдеу бойынша кішігірім кәсіпорындар мен қолөнер шеберханалары құрады. 1916 жылы қалада шойын құю зауыты мен кішігірім электростанция салынды.
Кеңес үкіметі Көкшетауда 1917 жылы желтоқсанда орнады. 1920 жылдардың басындағы қиын кезеңнен кейін қала өмірі тұрақтала бастады.
1928 жылы уездер негізінде аудандар құрылып, Көкшетау қаласы Көкшетау ауданының орталығына айналды.
Ұлы Отан соғысы қарсаңында ол Солтүстік Қазақстан облысының құрамына енгізілді. Көкшетау халқы 20 мыңдай адамды құрады.
Соғыстың алғашқы жылында майданға қаланың әрбір төртінші тұрғыны аттанды. 1941 жылдың күзінде Көкшетауға Подольск тігін машиналар зауыты, Орджоникидзе
қаласынан екі фабрика, кеңес әскерлеріне арналған № 2447 госпиталі, 1942 жылы № 2396 эвакогоспиталі көшірілді. Подольск және Көкшетау механикалық зауыттарын біріктіру негізінде №621 әскери құпия зауыт құрылып, майданға жіберілетін жарықшақты және фугасты миналар өндірді.
1944 жылдың 16 наурызында Көкшетау тағдырында маңызды тарихи оқиға орын алды: Қаз.КСР Жоғары Кеңесі Президиуымының қаулысымен Көкшетау облысы құрылып, Көкшетау алғаш облыс орталығына айналады.
Көкшетау қаласының дамуында 1954 жылы бастау алған тың және тыңайған жерлерді игеру үлкен роль ойнады. Көкшетау облысы қазақстандық тыңның орталығына айналады. Облыс территориясына Кеңес Одағы республикаларынан мыңдаған алғашқы тың игерушілер келді. Қала мен облыс халқының саны біршама көбейе түсті.1960-1980 жж. аралығы Көкшетау қалалық инфрақұрылымының жедел өсімі мен дамуының кезеңі болды. Аталған онжылдықтарда жаңа өнеркәсіптік нысандар: оттегімен тыныс алу аппараттарын шығару бойынша зауыт, Васильков кен байыту комбинаты, фарфор зауыты, тұрмыстық химия зауыты, лента-тігін фабрикасы және т.б. салынды. Тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, бала-бақшалар мен мәдениет нысандарын салу белсенді жүргізілді.
1991 жылы Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады. 1997 жылы Көкшетау облысы таратылып, қала облыс орталығы мәртебесінен айрылды және екі жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысының құрамында болды.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Ақмола облысының орталығы Астана қаласынан Көкшетауға көшірілді.
Тәуелсіздік жылдары қалада көптеген жаңа өндірістік кәсіпорындар: «Тыныс» АҚ – медициналық бұйымдар, салмақ өлшеу құрал – жабдықтары, су есептегіш құрылғылар, авиатехника агрегаттары мен түйіндері, полиэтилен құбырлары өндірісі бойынша зауыт, «КамАЗ - Инжиниринг» - машина құрстырушы зауыт, «ENKI» ЖШС – керамикалық кірпіш өндірісі бойынша зауыт, «Алтынтау - Көкшетау» - жаңа алтын шығаратын зауыт, «Новопэк» ЖШС – буып-түю материалдарының бірнеше түрлерін шығаратын кәсіпорын, «Көкшетауминсулары» АҚ – минералды су, алкогольді және алкогольсіз сусындарды шығарумен айналысатын кәсіпорын қатарға қосылды.
Қаланың мәдени өмірін Ақмола облыстық тарихи – өлкетану музейі, Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы М. Ғабдуллиннің музейі, Әдебиет және өнер музейі, Көкшетау қаласының тарихы музейі құрайды. Екі театр – Ш. Құсайынов ат. Ақмола облыстық қазақ музыкалық – драма театры мен Облыстық орыс драма театры, Ақмола облыстық филармоиясы, «Көкшетау» және «Достар» мәдениет сарайлары, «Cinema-Alem» кинотеатры халық игілігіне қызмет етуде.


Жағалау зонасында орналасқан, қаланың этно – мәдени орталықтарын біріктірген Достық үйі, Науан Хазірет атындағы көрікті мешіт, православ храмы, заманауи тұрғын үй кешендері Көкшетау қаласының көркін ажарландырды.
Бірегей табиғи ландшафт - Бұқпа тауы, Қопа көлі, жоталар мен ормандардың айналасында жинақы орналасуы Көкшетау қаласының қайталанбас бет – бейнесін аша түсті. Абаттандырылған көшелер, парктер, шағын саябақтар, үлкен және кіші архитектуралық формалар, ескерткіштер, жасыл желектер, ашық түсті гүлзарлар көз қуантып, қалаға жайлылық сыйлайды.
Көкшетау - бай тарихы бар қала. Бүгінгі таңда жайлы да қонақжай қала болашақта өзінің қонақтарын жаңа бет-бейнесімен қуантып, көңіл толтыратын, қалаға қайта оралу тілегін тудыруға қабілетті болуға ұмтылуда.